Алматы әкімдігі бұрынғы трамвай депосының орнына не салынатынын мәлім етті
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы әкімдігі Гоголь мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан бұрынғы трамвай депосының орнына не салынатынын мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Гоголь және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан бұрынғы трамвай депосының аумағында жалпы ауданы шамамен 32 мың шаршы метр болатын креативті кластер салу жоспарланып отыр.
Кластер құрамында көпфункциялы концерт залы, қоғамдық холл мен іс-шараларға арналған кеңістік, креативті индустрия өкілдеріне арналған студия мен шеберхана, қазақстандық дизайнерлердің шоурумдары, заманауи өнер галереясы, қалалық іс-шаралар өткізуге арналған атриум, сондай-ақ креативті кәсіпкерлерге арналған кеңсе кеңістіктері қарастырылған.
Бұдан бөлек, жоба аясында амфитеатр, жазғы сахна, саябақ аймағы және балалар ойын инфрақұрылымы бар көркейтілген аумақ салынып, тұрғындар үшін ашық әрі қолжетімді қоғамдық кеңістік болады.
Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, аталған аумақтың ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай тұруы қала құрылысы мен сараптаманың барлық кезеңінен өтуді талап ететін ауқымды жобаны әзірлеу және келісу жұмыстарының күрделілігімен байланысты.
"Жоба Қала құрылысы кеңесінің мақұлдауына ие болып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Яғни бүгінде жобаның тұжырымдамасы ғана емес, жобалық құжаттамасы да толық бекітілген. Ескі ғимараттарды бұзу жұмыстары аяқталып, құрылыстың белсенді кезеңі басталды", - деп атап өтті әкімдіктегілер.
Сонымен қатар әкімдік қала трамвайдан бас тартпайтынын еске салды. Қазіргі уақытта заманауи трамвай болып саналатын LRT (жеңіл рельсті көлік) жүйесінің алғашқы желісінің құрылысы басталған. Бағыт Абылай хан даңғылы арқылы өтіп, Төле би көшесімен батысқа қарай жалғасады және Бауыржан Момышұлы көшесімен солтүстік бағытқа бұрылады.
Ал жаңа трамвай депосы Алатау ауданындағы Индустриялық аймақ аумағында салынады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2406590-almaty-akimdigi-buryngy-tramvai-deposynyng-ornyna-ne-salynatynyn-malim-etti/
