Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Қазақстанда кадр тапшы өңірлерге қоныс аударатындарға 7 млн теңгеге дейін беріледі

    20 мың теңгелік купюралар
    Ақша. Иллюстрациялық фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

    Қазақстанда кадр тапшылығы байқалатын өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңартылып жатыр, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Ведомствоның мәліметінше, бағдарламадағы басты жаңалықтардың бірі – қаржылық қолдау көлемінің едәуір ұлғаюы.

    "Енді экономикалық ұтқырлық сертификатының ең жоғары мөлшері 7 млн теңгеге дейін (1 625 АЕК) жетеді. Бұл қаражатты қатысушылар жаңа өңірде жеке тұрғын үй сатып алуға пайдалана алады", - делінген хабарламада.

    Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтардың жаңа жерде жайлы қоныстанып, баспаналы болып, тұрақты өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау.

    Мемлекеттік қолдау тек тұрғын үй сертификатымен шектелмейді. Қоныс аударушыларға көшуге арналған субсидиялар төленеді, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер шығындары өтеледі, сондай-ақ жұмысқа орналасуға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Оның үстіне, жаңа өңірге көшпей тұрып-ақ жұмыс тауып, жұмыс берушіні таңдауға мүмкіндік бар. Қабылдаушы өңірлердің өкілдері азаматтар көшетін өңірлерде тұрақты түрде бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастырады.

    Сонымен қатар бағдарламаға қатысушылар қатары да кеңейтілді. Бұған дейін ол негізінен жұмыссыз азаматтарға арналса, енді мемлекеттік қолдау шараларын еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да пайдалана алады.

    Бағдарлама толықтай цифрлық форматқа көшірілген. Өтінім беру, өңірлер картасымен, сұранысқа ие мамандықтар тізімімен танысу және қолайлы бос жұмыс орнын таңдау мүмкіндігі migration.enbek.kz порталы арқылы қашықтан қолжетімді.

    Бағдарлама іске қосылған 2017 жылдан бері оған 73,9 мың адам қатысқан. Оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу құралдарының арқасында 31 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

    Қазақстанда кадр тапшы өңірлерге қоныс аударатындарға 7 млн теңгеге дейін беріледі

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram