"Қазақстанда әр төртінші отбасында қылмыс жасалады": ресейлік журналист фильмінде ұсынған деректер рас па
Жарияланған күні:

Ресейлік танымал журналист Илья Варламов жақында "Қазақстан — тұрмыстық зомбылық ордасы" атты деректі фильм ұсынған еді. Бағдарламада журналист елімізде әр төртінші отбасында қылмыс жасалатынын, әр үшінші отбасында тұрмыстық зорлық орын алатынын айтқан. Отбасы мәселелері жөніндегі уәкілетті өкілі, президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Снежанна Имашеваға аталған ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Басылым тілшісінің жазуынша, фильмдегі деректерді алу үшін ресейлік журналист Бас прокуратураға жүгінбеген.
"2026 жылдың өткен кезеңінде журналист Илья Варламовтың жүгінуіне қатысты мәліметтердің жоқ екенін хабарлаймыз", — деді Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Ал бағдарлама барысында айтылған "әр төртінші қылмыс отбасында жасалады" немесе "әр үшінші отбасында тұрмыстық зорлық жасалады" деген мәлімет комитеттің qamqor.gov.kz сайтында ұсынылмаған.
Отбасы мәселелері жөніндегі уәкілетті өкілі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Снежанна Имашева бағдарламадағы кейбір мәліметтер шындыққа сәйкес келмейтінін жеткізіп, ҚР ІІМ ұсынған деректерді ұсынды.
Снежанна Имашева ресми деректерді назарға ала отырып, Қазақстанда әрбір төртінші адам өлтіру қылмысы отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында жасалады деген мәлімдемені жоққа шығарды.
"Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы 6 айында Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде (СДТБТ) отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 32 адам өлтіру және 4 адам өлтіруге оқталу фактісі тіркелген. Ал осы кезеңде ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша аяқталған қылмыстық өндірістердің жалпы саны 289, ал адам өлтіруге оқталу фактілері бойынша 71 болған" , — деді ол.
Осылайша, ағымдағы есепті кезеңде тіркелген адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу қылмыстарының әрбір оныншысы (360 істің 36-сы) отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған.
"Ал 2025 жылы барлығы 494 адам өлтіру және 123 адам өлтіруге оқталу фактісі тіркелген. Оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 80 адам өлтіру және 22 адам өлтіруге оқталу оқиғасы болған. Демек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген адам өлтіру және оған оқталу қылмыстарының шамамен әрбір алтыншысы (617 істің 102-сі) ғана отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған", — деп түсіндірді Снежанна Имашева.
Сонымен бірге Имашева Қазақстанда әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық болады деген көрсеткішті де тіркеу мүмкін еместігін алға тартып отыр.
"Бұл мәлімдеме ресми мемлекеттік статистикаға емес, құқық қорғаушылар мен әлеуметтанушылардың зерттеулеріне негізделген. Ресми түрде "әрбір үшінші отбасында зорлық-зомбылық болады" деген көрсеткішті тіркеу мүмкін емес. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, әсіресе психологиялық және экономикалық зорлық-зомбылықтың басым бөлігі жасырын (латентті) күйінде қалып, құқық қорғау органдарына жетпейді", — деп түсіндірді маман.
Ол, сондай-ақ "Қазақстандағы әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қандай да бір түрі кездеседі" деген тұжырымды қазақстандық құқық қорғау ұйымдары, дағдарыс орталықтары және БҰҰ сарапшылары кеңінен қолданатынын айтып отыр. Бұл мәліметтер анонимді іріктемелі әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелеріне негізделгенін атап өтті.
Оған қоса Қазақстан Орталық Азия елдері арасында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық деңгейі бойынша көш бастап тұрғаны туралы мәлімет те дұрыс емес, дейді маман.
"Ресми статистикада мұндай деректер жоқ. Бұл мәлімдеме жекелеген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелеріне негізделуі мүмкін. Алайда мұндай тұжырымды ресми статистика ретінде көрсету дұрыс емес. Егер халықаралық деңгейде мойындалған Women, Peace and Security Index (WPS) («Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» индексі) көрсеткіштеріне сүйенсек, Қазақстан дәстүрлі түрде Орталық Азия елдерінің көпшілігіне қарағанда жоғары орын алады, сондай-ақ қауіпсіздік жағынан Ресейден де жоғары рейтингке ие", — деді ол.
Басылым Қазақстанда жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан кемінде 80 әйел көз жұмады, ал 2023 жылы шамамен 80 әйел қаза тапты деген ақпаратты да зерттеп көріп, Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінің (СДТБТ) мәліметіне сәйкес, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында әйелдерді өлтіру фактілері бойынша аяқталған қылмыстық істердің санын ұсынған:
- 2025 жылы – 55;
- 2024 жылы – 42;
- 2023 жылы – 53;
- 2022 жылы – 51;
- 2021 жылы – 59;
- 2020 жылы – 36.
"Осылайша, Илья Варламов келтірген "жыл сайын кемінде 80 әйел қаза табады" деген мәлімет ресми статистикаға сәйкес келмейді", - деп жазады басылым тілшісі.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2402798-qazaqstanda-ar-tortinshi-otbasynda-qylmys-zhasalady-reseilik-zhurnalist-filminde-usyngan-derekter-ras-pa/
