Қазақстанның ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі қамауға алынды
Жарияланған күні:
Павлодар облысында заңсыз тәлімбақ ұйымдастырды деген күдікпен "Құсбегілік" федерациясының және Қазақстанның ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі қамауға алынды, деп хабарлайды ҚМА-ға сілтеме жасаған.
ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жыртқыш құстарды заңсыз иемдену және ұстау фактісі бойынша жергілікті тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтаған.
"Тергеу мәліметінше, күдікті 2017 жылдан бастап "Құсбегілік" федерациясының және Қазақстанның ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі бола отырып, Қарағанды қаласындағы өз үйінің аумағында заңсыз тәлімбақ ұйымдастырған.
Ол аңшылық, қыран құстарды күтіп-баптау және емдеу тақырыбына арналған Instagram парақшасы арқылы табиғи мекендеу ортасынан заңсыз алынған сирек жыртқыш құстарды жеткізіп беретін адамдармен байланыс орнатқан", - делінген хабарламада.
Ведомство ұсынған ақпаратқа сәйкес, тінту барысында күдіктінің тұрғылықты мекенжайынан 35 жыртқыш құс анықталып, тәркіленген.
Олардың қатарында ителгі, бүркіт және лашын бар. Аталған құстар Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі төнген жануарлар санатына жатады.
Күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен оған тиесілі Toyota 4Runner автокөлігіне тыйым салынған.
Қазіргі уақытта құстар уақытша Қарағанды қаласының хайуанаттар бағына орналастырылған. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи мекендеу ортасына жіберіледі.
Агенттік өзге ақпарат Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін мәлім етті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2402654-qazaqstannyng-ulttyq-qusbegilik-quramasynyng-mushesi-qamauga-alyndy/