Алакөл көлінде жағалауды қорғайтын бөгет салуға 3 млрд теңге бөлінді
Жарияланған күні:
Жетісу облысында Алакөл көлі жағалауын қорғайтын бөгет салуға үкімет резервінен 3 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Үкіметтің баспасөз қызметінін мәліметінше, бөлінген қаражат ұзындығы 6 шақырым қорғаныс бөгетін салуға бағытталады, оның 2,5 шақырымы Көктұма ауылына, 3,5 шақырымы Ақши ауылына тиесілі.
Бұған дейін 2025 жылы 1,7 шақырым учаскеде нығайту, жер қазу, бетон құю жұмыстары жүргізіліп, габион құрылымдарын орнату жұмыстары аяқталған. Жалпы алғанда, құрылыс-монтаждау жұмыстарының шамамен 25 пайызы орындалған.
"Жобаның жүзеге асырылуы Алакөл жағалауының одан әрі шайылуының алдын алып, көлдегі шөгінділердің табиғи тасымалдануы мен қайта бөліну жүйесін сақтауға мүмкіндік береді.
Қорғаныс инфрақұрылымын қалыптастыру өңірдің туристік әлеуетін дамытуға және демалушылар мен жергілікті тұрғындар үшін жағдай жасауға ықпал етеді", - делінген хабарламада.
Кейінгі екі жыл ішінде Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай Солтүстік Қазақстан және Павлодар сияқты алты өңірде жалпы ұзындығы 243 шақырым болатын қорғаныс бөгеттері мен құрылыстары салынып, нығайтылған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2402615-alakol-kolinde-zhagalaudy-qorgaityn-boget-saluga-3-mlrd-tengge-bolindi/