Сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі: Алматы – Бішкек автожолында күрделі жөндеу жұмыстары басталды
Жарияланған күні:
Алматы – Бішкек тасжолында күрделі жөндеу және жолды кеңейту жұмыстары басталды. Алматыға кіреберістегі ең көп көлік жүретін жолдардың бірі сегіз жолақты болады, деп хабарлайды "ҚазАвтоЖолға" сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Алматы облысында халықаралық маңызы бар Алматы – Бішкек автожолының 19-27 шақырым аралығын күрделі жөндеу және кеңейту жобасы ресми түрде басталды. Жөндеу жұмыстары Қарасай ауданында жүргізіледі.
Бұл жоба тәулігіне 70 мыңнан астам көлік қатынайтын Қазақстандағы ең қарқынды көлік дәліздерінің бірін жаңғыртуға бағытталған.
"Біз Алматы агломерациясы үшін аса маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірін бастадық. Бұл – Алматының басты көлік қақпасы. Мұнда күн сайын Қазақстандағы ең жоғары көлік қарқындылығының бірі тіркеледі", - деді "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
"ҚазАвтоЖолдың" мәліметінше, қазіргі таңда қолданыстағы төрт жолақты автожол көлік ағынының артуына байланысты жүктемені толық көтере алмай отыр. Салдарынан тұрақты көлік кептелісі туындап, қозғалыстың орташа жылдамдығы төмендеп, жол апаты қаупі жиілеген.
Жоба аясында автожол төрт жолақтан сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі. Сонымен қатар күрделі жөндеу барысында:
- "Таға" үлгісіндегі екі заманауи көлік айрығы;
- тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі;
- бүкіл учаске бойында жаяу жүргіншілер жолағы;
- сыртқы жарықтандыру жүйесі;
- жаңа күрделі жол жабыны салынады.
"Жобаны жүзеге асыру жолдың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, жол қозғалысының қауіпсіздігін күшейтуге және жүздеген мың жүргізуші үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл – көлік инфрақұрылымын дамытуға, өңір экономикасының өсуіне және азаматтарымыздың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды инвестиция", - деді Дархан Иманашев.
Сондай-ақ жоба аясында газ құбырлары, су құбыры желілері, электрмен жабдықтау жүйелері және талшықты-оптикалық байланыс желілері сияқты инженерлік коммуникациялар көшіріледі.
Жоба аяқталғаннан кейін Алматы мен қала маңындағы елді мекендер арасындағы жол жүру уақыты едәуір қысқарады деп күтіліп отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2401730-segiz-zholaqqa-deiin-kengeitiledi-almaty-bishkek-avtozholynda-kurdeli-zhondeu-zhumystary-bastaldy/