Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Қазақстан Сыртқы істер министрлігі КҚК терминалына жасалған шабуылды айыптады

    Сыртқы істер министрлігі
    Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ғимараты. Фото: gov.kz

    Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі КҚК нысандарына жуырда жасалған шабуылдарға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    "Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 17 және 19 шілдеде Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптайды.

    Аталған шабуылдарды Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделеріне жол беруге болмайтын қол сұғушылық, сондай-ақ заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтар мен халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған қасақана әрекеттер ретінде қарастырамыз.

    Қара теңіз акваториясына КҚК терминалдарында мұнай тиеу мақсатында кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың барлық мүдделі тараптар бұрын келіскен тетігінің әдейі ескерілмегені ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл азаматтық кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді.

    Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізаты экспорты инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты шаралар қабылдауды талап етеді", - делінген мәлімдемеде.

    СІМ серіктес мемлекеттерді аталған шабуылдарды батыл айыптауға шақырды және барлық мүдделі тарапты нақты іс-жүзіндегі шараларды бірлесіп әзірлеуге үндеді.

    "Халықаралық құқық нормаларын мүлтіксіз сақтау ғана осындай оқиғалардың қайталануына жол бермейді деп есептейміз.

    Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы келтірілген залалға жан-жақты бағалау жүргізуде. Оның қорытындылары бойынша Қазақстан өзінің заңды мүдделерін қорғау үшін халықаралық құқықта көзделген барлық тетікті, оның ішінде келтірілген залалды өтеу туралы талаптар қою құқығын өзіне қалдырады.

    Қазақстан Республикасы қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеудің баламасы жоқ екенін атап көрсетеді, халықаралық құқық қағидаттарына, кеме қатынасы еркіндігіне және халықаралық көлік-логистикалық әрі энергетикалық бағыттардың сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бейілділігін растайды", - делінген мәлімдемеде.

    Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары жүріп жатқан кезде, танкерлер ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырағанын хабарлаған еді.

    Аталған кемелер Қазақстанда өндірілген мұнайды тиеуді жүзеге асырып жатқан.

    Қазақстан Сыртқы істер министрлігі КҚК терминалына жасалған шабуылды айыптады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram