Қазақстанда ажырасу деңгейі 34%-ға төмендеді: мәселе Атырауда өткен республикалық форумда талқыланды
Жарияланған күні:
Қазақстанда ажырасу деңгейі 34 пайызға төмендеген. Бұл туралы Атырауда өткен "Отбасы және гендер: құндылықтар мен заманауи үрдістер" атты республикалық форумда айтылды. Басқосуда отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, бала тәрбиесі, әке мен ананың жауапкершілігі және гендерлік саясаттың өзекті мәселелері кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Форумға еліміздің әр өңірінен келген мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар, үкіметтік емес ұйым мүшелері, қоғам қайраткерлері мен жастардан құралған 300-ге жуық адам қатысты.
Жиында ұсынылған мәліметтерге сәйкес, елімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде азаматтардың 82,7%-ы әйел мен ер адамның бала тәрбиесіндегі тең жауапкершілігін қолдайды. Сондай-ақ соңғы жылдары отбасы институтын нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесінде ажырасу деңгейі 34%-ға төмендегені атап өтілді.
Форумның ашылуында Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов сөз сөйлеп, өңірде жүзеге асырылып жатқан гендерлік саясаттың басым бағыттарына тоқталды. Ол қоғамның тұрақтылығы мен орнықты дамуы ең алдымен отбасы институтының беріктігіне байланысты екенін атап өтті.
Қызылорда облысы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Алтынай Молжанова "Береке формуласы: Ана. Отбасы. Құндылық" тақырыбында баяндама жасап, отбасыдағы ананың рөліне, әйелдердің қоғамдағы мәртебесіне және оларды қолдау тетіктеріне ерекше тоқталды.
"Бүгінгі форумда отбасының берекесін қалыптастырудағы ананың орны, әйелдердің қоғамдағы мәртебесі және оларға көрсетілетін қолдау шаралары жан-жақты талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту – баршамызға ортақ міндет", – деді Алтынай Молжанова.
Форум соңында қатысушылардың ұсыныстары негізінде арнайы резолюция қабылданып, ол мүдделі мемлекеттік органдарға жолданатын болды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2400053-qazaqstanda-azhyrasu-denggeii-34-ga-tomendedi-masele-atyrauda-otken-respublikalyq-forumda-talqylandy/