Байланысқа шықпай қалған: Алматы тауларында төрт жасөспірім адасып кетті
Жарияланған күні:
Алматыда түнгі уақытта Алмарасан шатқалында төрт жасөспірім адасып қалған. Құтқарушылар оларға көмекке барды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, түнгі уақытта Бостандық ауданындағы Проходное (Алмарасан) шатқалында ТЖМ "Барыс" құтқару қызметінің құтқарушылары байланысқа шықпай қалған жасөспірімдерді іздестіру-құтқару жұмыстарына дереу кірісті.
Жасөспірімдердің жоғалғаны туралы хабарлама түскеннен кейін іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды. Іздеу аумағын анықтауға олардың бірінің бұған дейін жіберген бейнежазбасы негіз болды. Байланыстың болмауы себепті геолокацияны анықтау мүмкін болмаған. Соған қарамастан құтқарушылар таулы аумақты тексерді.
Іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде төрт жасөспірім Терра алаңы маңында, тау лашығынан жоғары орналасқан жерден табылды. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.
Құтқарушылар жасөспірімдерді қауіпсіз тау соқпағымен төменге түсіріп, ата-аналарына тапсырды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2399768-bailanysqa-shyqpai-qalgan-almaty-taularynda-tort-zhasospirim-adasyp-qaldy/