Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    "Апелляцияға 95 мыңнан астам өтініш қабылданды": негізгі ҰБТ-ның қорытындысы жарияланды

    ҰБТ тапсыратын кабинет
    ҰБТ тапсыратын кабинет. Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

    Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақстанда 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өткен негізгі ҰБТ-ның қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл негізгі ҰБТ-ны 233 мыңға жуық талапкер тапсырған. Оның ішінде 73,1 пайызға жуық талапкер қазақ тілінде, 26,8 пайыз талапкер орыс тілінде, 383 адам ағылшын тілінде тестілеуден өткен. 

    "Талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі ұсынылды.

    Осылайша, 233 мың талапкер ҰБТ-ны 422 мың рет тапсырды (2025 жылы 210 мың талапкер ҰБТ-ны 381 мың рет тапсырды)", - делінген хабарламада.

    Тестілеу қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинаған, бұл – қатысушылардың жалпы санының 76 пайызы. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы – 69 балл.

    Ең жоғары 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир мен Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия (ҚАЗТЕСТ конвертациясы арқылы) жинаған. 821 адам 130 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізген.

    "Биыл апелляцияға 95 мыңнан астам өтініш қабылданып, олардың ішінде 152 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініштер қанағаттандырылды.

    Республикалық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді", - делінген хабарламада.  

    ҰБТ өткізу барысында 890 ереже бұзушылық анықталған.

    "Оның ішінде 522 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.

    Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 361 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.

    Кейбір тестіленушілерден смарт-сағаттар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 7 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ", - деп қосты министрлік өкілдері.

    Ведомство 2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізілетінін еске салды.

    "Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады", - деп ескертті Ғылым және жоғары білім министрлігі.

    "Апелляцияға 95 мыңнан астам өтініш қабылданды": негізгі ҰБТ-ның қорытындысы жарияланды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram