Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Тарихи нәтиже: қазақстандық оқушылар халықаралық физика олимпиадасында бес алтын медаль жеңіп алды

    олимпиада
    Олимпиада жеңімпаздары. Фото: "Дарын" РҒПО

    Қазақстан құрамасы алғаш рет Халықаралық физика олимпиадасында бес алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығына сілтеме жасап.

    Қазақстан құрамасы физикадан ең беделді халықаралық білім додасында ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді.

    2026 жылғы 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өткен 56-Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) ұлттық құраманың бес мүшесі де алтын медаль жеңіп алды.

    Биылғы олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысқан. Қатысушылар күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындап, білімдері мен ғылыми даярлықтарын сынға салды. Қазақстандық жас физиктер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бес алтын медаль иеленді. Бұл – Қазақстанның IPhO олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.

    Жеңімпаздар:

    • Азатбеков Амирбек – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы;
    • Қазымбек Илияс – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы;
    • Егенбергенова Нұргүл – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
    • Черемнов Роман – Алматы қаласындағы "Мирас" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
    • Құрман Дамир – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.

    "Дарын" РҒПО мәліметінше, бұл тарихи жетістікке ұлттық құрама үш жыл бойы жүйелі дайындалды. Команданы мектеп мұғалімдері, тәлімгерлері және ұлттық құраманың жаттықтырушылары дайындады.

    Дайындық жұмыстарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлия Нұрбақова жетекшілік етті. Ұлттық құраманың қатысуын SDU университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Самат Мақсұтов пен физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев үйлестірді.

    ️Айта кетейік, Қазақстан бұл білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. 2025 жылы ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған болса, биыл еліміздің бес оқушысы да алтын медаль иеленіп, Қазақстан тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.

    Тарихи нәтиже: қазақстандық оқушылар халықаралық физика олимпиадасында бес алтын медаль жеңіп алды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram