Air Astana Дубайға барлық рейсті тағы тоқтатты
Жарияланған күні:
Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Air Astana әуе компаниясы Біріккен Араб Әмірліктерімен әуе қатынасын тағы тоқтатты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ әуе компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Air astana Telegram желісіндегі арнасында Дубайға рейстер туралы жаңартылған хабарландыру жариялады. Онда әуе компания Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты БАӘ-ге әуе қатынасы уақытша тоқтатылғанын мәлім етті.
"Атап айтқанда, 13 және 14 шілдеге жоспарланған KC897/898 Алматы - Дубай - Алматы рейстері, сондай-ақ 14 шілдеге жоспарланған КС 205/206 Астана - Дубай - Астана рейстері тоқтатылады", - делінген хабарламада.
Жолаушыларға билеттердің құнын сатып алған жері бойынша толық қайтаруға немесе 12-18 шілде аралығында жоспарланған рейстерден 31 шілдені қоса алғанға дейін тегін қайта брондауға кеңес берілді.
Әуе компания рейстер кестесінде өзгерістер болып жатса ол туралы кейінірек хабарланатынын ескертті.
Air Astana жағдайды мұқият бақылап, жолаушыларды қайтару мәселелерін шешіп жатыр.
Еске сала кетейік, кеше, 13 шілдеде Air Astana әуе компаниясы Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуына байланысты Астанадан Дубайға ұшып кеткен рейсті кері қайтаруды және Алматыдан ұшатын рейсті тоқтатуды ұйғарды.
Айта кетейік, биыл ақпанда Таяу Шығыстағы Иран төңірегінде шиеленістің сақталуына байланысты және азаматтық авиация қауіпсіздігіне төнген жоғары қауіп деңгейіне байланысты Қазақстанның Азаматтық авиация әкімшілігі Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан елдерінің әуе кеңістігінде, ішінде және оған жақын аумақта ұшуды арнайы өкім шыққанға дейін толық тоқтату туралы шешім қабылдаған еді.
Кейін Air Astana Дубайға рейстерді сәуірдің соңына дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.
5 маусымда Air Astana Дубаймен әуе қатынасы қалпына келетінін мәлім еткен.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2398733-air-astana-dubaiga-barlyq-reisti-tagy-toqtatty/