Шетелде жұмыс істемек болған 150-ге жуық студент сан соғып қалды
Жарияланған күні:
Еліміздің әр өңірінен жиналған 150-ден аса студент жұмысқа орналастырумен айналысатын агенттікке алданғанын мәлімдеді. Олардың әрқайсысы миллионға жуық ақша төлеген екен. Қазір студенттер қаражатын қайтара алмай әлек. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.
Студенттер жазғы демалысын тиімді өткізгісі келіп, жеті ай бұрын шетелге жұмысқа бару мақсатында компанияға ақша төлегенін айтады. 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі қаражатты көбі ата-анасының атынан бөліп төлеуге рәсімдепті. Келісім бойынша осыдан екі ай бұрын бұларға өзге елдерден шақырту келуге тиіс болған. Алайда сол күйі ешкім байланысқа шықпапты.
Бұл компанияның желідегі парақшасында 50 мыңдай оқырманы болғаннан кейін, көп деп ойлап, осы компанияны дұрыс деп қабылдап, бес адам болып бірден тіркелдік. Ол шартта 31 мамырға дейін жұмысқа офер келу керек деп жазылған. Бірақ 31 мамырға дейін келмеді. Келмеген жағдайда 100% қайтарамыз деген. Басында айтты, "біз Германиямен тікелей жұмыс істейміз" деп. Бірақ бас тарту келген кезде, мамырдың онына таман "біз қырғыз компаниясымен жұмыс істейміз" деп айтты", - дейді Сұлтан Мұхамеджан.
"Алдандық" дегендердің саны бүгінде 150-ден асады. Басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкенттен. Студенттер дау басталғалы, компанияның кеңсесі үш рет ауысқанын айтады.
"Хабарға шықпады, телефон алмайды. Бізде DHL дейтін компания болды, логистикалық компания. Ол 14-те 96 еуро сағатына деді, салықты санамағанда. Негізі үш айға өзіміздің академиялық демалыс уақытымызға берілді және аптасына 12 сағат, бес күн жұмыс уақыты деп айтты. Енді өзіміздің ақшамыз болмағандықтан, бәріміз студентпіз, әке-шешеміздің ақшасын аламыз. Соны қайтарсақ деп едік", - дейді Нұрай Рахманбет.
Ал үш жылға жуық "азаматтарды шетелге жіберумен айналыстық" деген компания басшысы жұрттың ақшасын "қайтарудан қашпаймыз" деп отыр. Ал мұндай келеңсіздіктің болуына шетелдік серіктестеріміз кінәлі дейді.
"Шарт бойынша біз қаражатты қайтару міндеттемелерінен бас тартпаймыз. Біз оны орындауға келісеміз. Жалғыз мәселе — қаржыландыру жағынан қиындықтар болып тұр. Өйткені әр клиент үшін қырғызстандық серіктесімізге қызмет ақысы төленген болатын, біз оған бәрін аудардық. Олар өз міндеттемелерін орындаудан бас тартты, яғни қаражатты қайтармай отыр. Қазір біз бұл мәселені шешіп жатырмыз", - дейді компания директоры.
Компания директоры түйткілді түгелімен шешуге үш айдан аса уақыт керек екенін айтты. Алайда шетелде жұмыс істеп, мол табыс тапқысы келгендер басшының бұл сөзіне сенген жоқ. Себебі бүгінге дейін де осындай құрғақ уәделер берілген дейді. Сондықтан олар бірігіп полицияға арыз жазды.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2397463-shetelde-zhumys-istemek-bolgan-150-ge-zhuyq-student-san-sogyp-qaldy/