Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында теміржол вокзалы ел игілігіне берілді

    Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласында теміржол вокзалы ел игілігіне берілді
    Фото: Бөрлі ауданының әкімдігі

    Бөрлі ауданы Ақсай қаласында "Қазақстан" станциясының жаңғыртылған теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді. Жаңартылған нысанның ашылуы – өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Салтанатты рәсімге Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ өкілдері, теміржол саласының ардагерлері, аудан тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

    1937 жылы салынған "Қазақстан" станциясының вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңартылды. Жоба тапсырыс берушісі – "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ. Құрылыс жұмыстарын "Альтаир" ЖШС жүргізсе, техникалық қадағалауды "Сарнати" ЖШС, бас жобалауды "MG Design Incorporated" ЖШС жүзеге асырды.

    Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласында теміржол вокзалы ел игілігіне берілді
    Фото: Бөрлі ауданының әкімдігі

    Жалпы жоба құны 732 миллион 529 мың теңгені құрады. Қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың сәуір айында басталып, 2026 жылдың маусым айында толық аяқталды. Нәтижесінде жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жақсарып, ғимараттың ішкі және сыртқы келбеті толық жаңартылып, заманауи талаптарға сәйкестендірілді. Дәстүр бойынша лента қию рәсімі өтіп, салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста төрт теміржол вокзалы қайта жаңғыртылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Шыңғырлау мен Тасқала аудандарындағы теміржол вокзалдары толықтай жаңадан салынса, Орал және Ақсай қалаларындағы вокзалдар күрделі жөндеуден өткен. Облыс әкімі бұл жұмыстардың басты мақсаты – жолаушыларға, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жандарға, аналар мен балаларға барынша қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау екенін айтты. Сондай-ақ жаңартылған вокзалдардың өңірдің көлік инфрақұрылымын жақсартып, халыққа сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Одан әрі теміржол саласының ардагері Ұлмекен Мерманова өзінің еңбек жолымен байланыстыра сөз сөйледі.

    Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласында теміржол вокзалы ел игілігіне берілді
    Фото: Бөрлі ауданының әкімдігі

    "Менің бүкіл еңбек жолым теміржол саласымен тығыз байланысты. 1970–1974 жылдары Алматы теміржол техникалық училищесінде білім алып, 1974 жылы Орал жол дистанциясында жол жөндеуші болып еңбек жолымды бастадым. Кейін техник, техникалық бөлімнің бастығы, инженер қызметтерін атқарып, осы салада ұзақ жылдар абыроймен еңбек еттім. Сондықтан бүгінгі жаңарған вокзалдың ашылуы мен үшін де, жерлестерім үшін де ерекше қуанышты сәт. Біздің, яғни қазіргі ардагер теміржолшылардың еңбек еткен жылдарымен салыстыру әрине жер мен көктей. Қазір барлық техника дамыған, жаңа технология, цифрлы Қазақстан, жаңа Қазақстан дейміз. Бұның бәрі білігі жоғары білімді азаматтардың арқасы. "Ауылына қарап азаматын таны" дейді халқымыз. Бүгінде ауданымызда халық игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, ерекше қуанып отырмын. Осындай игі бастамалардың жүзеге асуына қолдау көрсетіп, ауданның дамуына жанашырлық танытып жүрген аудан әкіміне шынайы ризашылығымды білдіремін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ауданымыздың өркендеуі мен дамуы жалғаса берсін",- деді ардагер.

    Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласында теміржол вокзалы ел игілігіне берілді
    Фото: Бөрлі ауданының әкімдігі

    Кейін қонақтар жаңартылған вокзал ғимаратын аралап, атқарылған жұмыстармен танысты. Жаңартылған теміржол вокзалы – аудан тұрғындары мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды нысан.

    Батыс Қазақстан облысы, Ақсай қаласында теміржол вокзалы ел игілігіне берілді
    Фото: Бөрлі ауданының әкімдігі

    Өңір басшысы ашылу салтанатына келген тұрғындарға жаңа нысан үшін құтты болсын айтып, естелікке бірге суретке түсті.

    Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында теміржол вокзалы ел игілігіне берілді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram