Көкмайса: Ұлытау облысында бір мезетте 500 бие сауылды

    бие сауу
    Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

    Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында қазақ халқының бай мұрасы мен ұлттық құндылықтарын ұлықтайтын дәстүрлі "Көкмайса – даланың тірі тарихы" этнофестивалі басталды. Өңірде бір мезетте 35 киіз үй тігіліп, 15 мыңға жуық қонақ жиналды, деп хабарлайды өңір әкімдігі.

    Ауқымды мәдени іс-шараға Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қатысып, фестиваль алаңындағы негізгі көрме және этноаймақтарды аралады.

    Фестивальдің алғашқы бағдарламасы таңғы сағат 09:30-да креативті аймақпен танысудан басталды. Одан кейін "Көкмайса – даланың тірі тарихы" ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрлер фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, өңір басшысы жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

    Ұлытау халқы
    Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

    "Көкмайса" – облысымыздың брендіне айналған ерекше фестиваль. Биыл ол он бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Осы уақытқа дейін бұл игі дәстүр Ұлытау ауданында өткізіліп келсе, биыл алғаш рет Жаңаарқа жерінде жалғасын тапты. Мұнда алыс-жақын шетелдерден қонақтар қызығушылық танытып арнайы келіп отыр. Бұл біз үшін үлкен мәртебе", - деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.

    Фестивальдің ең әсерлі сәттерінің бірі – бір мезетте 500 биенің сауылуы болды. Бұл көрініс ұлттық дәстүрдің өміршеңдігін айшықтап, жиналған жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленді.

    Сонымен қатар қазақ халқының көне "Қымызмұрындық" дәстүрі сахналанып, ауыл ақсақалдары ақ батасын берді. Қонақтар мен көрермендерге жаңа сауылған қымыз ұсынылып, ұлттық ойындар мен дәстүрлі өнер көрсетілімдері ұйымдастырылды.

    Бұдан кейін облыс әкімі еліміздің әр өңірінен келген этноауылдарды аралап, киіз үйлер көрмесімен танысты. Ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүр көріністерін тамашалады және қолөнер шеберлерінің туындыларын көріп, олардың еңбегіне жоғары баға берді.

    Тұсаукесу рәсімі
    Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

    Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлерінен де тартысты жарыстар өтті. Қонақтар көкпар, аударыспақ, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату, асық ату, жілік сындыру, қошқар көтеру және арқан тартыс секілді ұлттық ойындардың қызығына куә болды.

    Күннің екінші жартысында ұлттық спорт жеңімпаздары мен құрақ көрпе тігудің үздік шеберлерін марапаттау рәсімі өтеді.

    Мерекелік шара кешкі гала-концертпен қорытындыланады. Сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздары – Ұшқын Жамалбек, Өзгеріс Жерікбай және JOSHY QAZAQ NATIONAL GROUP өнер көрсетеді.

    "Көкмайса" фестивалі
    Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

    "Көкмайса – даланың тірі тарихы" этнофестивалі – халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық тағамдарын, қолөнерін және этномәдени мұрасын кеңінен дәріптеп, ұлттық бірегейлікті нығайтатын тағылымы мол мәдени жоба.

    Бұл фестиваль ұлт руханиятын ұлықтап қана қоймай, өңірдің туристік әлеуеті мен мәдени келбетін айшықтайтын маңызды шара ретінде өз мәртебесін жыл сайын арттырып келеді.

    Көкмайса: Ұлытау облысында бір мезетте 500 бие сауылды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram