Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    Президент 106 жастағы диктор Зұлқия Жұматоваға "Құрмет" орденін берді

    Қасым-Жомарт Тоқаев
    Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Күшті Қазақстанды құру ісіне орасан зор үлес қосып келе жатқаны үшін алғыс айтты.

    "Сіздер қоғамда "Заң мен тәртіп", "Адал азамат" қағидаттарын орнықтыруға, сондай-ақ "Таза Қазақстан" тұжырымдамасын кеңінен дәріптеуге белсене атсалысып келесіздер. Сол арқылы халқымыздың болмыс-бітімін және санасын жаңғыртуға зор еңбек сіңіріп жүрсіздер. Алдағы уақытта да ақпарат саласының мамандары ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Бүгін Президент Қазақстан Республикасының журналистикасы мен телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін медиа саласының үздік мамандарына жоғары мемлекеттік награда беру туралы Жарлыққа қол қойды. Марапатталған азаматтардың арасында саналы ғұмырын ақпарат саласына арнаған ардагер қызметкерлер де бар.

    "Осы тұста ұлттық телевизияның алғашқы кәсіби мамандарының бірі, қазақ тіліндегі тұңғыш эфирді жүргізген майталман диктор Зұлқия Жұматованы ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда 106 жасқа келген ардақты тұлғаны халқымыз айрықша құрметтейді. Сондықтан мен Зұлқия Мұқанқызына "Құрмет" орденін табыстау туралы шешім қабылдадым", — деді Тоқаев.

    Зұлқия Мұқанқызы Жұматова 1920 жылдың 20 ақпанында Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Ол Алматы телестудиясы ашылған 1958 жылы дикторлыққа жарияланған конкурсқа қатысқан және сол кездегі режиссер Шәкен Айманов Зұлқия Мұқанқызын дикторлыққа 750 үміткердің ішінен таңдап алған. Саналы ғұмырын осы салаға арнаған ардагер жазушы Мұхтар Әуезовтің көзін көріп, сұхбат алған.

    "Сондай-ақ қазір ортамызда отандық медианың мәртебесін арттырып жүрген тәжірибелі азаматтар отыр. Олардың қатарында Ертай Ашықбаев, Татьяна Корецкая, Қайрат Мұсақұлов, Қымбат Досжан сынды танымал журналистер бар. Тілшілердің жас буыны сіздерге қарап бой түзейді", — деді мемлекет басшысы.

    Президент 106 жастағы диктор Зұлқия Жұматоваға "Құрмет" орденін берді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram