Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Құпия тоннель мен заңсыз зауыт: Қазақстаннан жанар-жағармай қалай заңсыз шығарылған

    кәсіпорын
    Кәсіпорын: Иллюстрациялық фото: t.me/afm_rk

    Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі ІІМ және Шекара қызметімен бірлесіп жанар-жағармай материалдарын ел аумағынан заңсыз шығарудың 712 әрекетінің жолын кескен, деп хабарлайды ҚМА-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімет бойынша, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мен контрабандасы фактілеріне қатысты сотқа дейінгі 8 тергеп-тексеру амалдары басталған.

    Мәселен, Маңғыстау облысында 2022 жылдан бері есепке алынбаған 28,5 мың тоннадан астам мұнайды өңдеген заңсыз шағын мұнай өңдеу зауытының қызметі әшкереленген. Өндірілген өнім мазут ретінде рәсімделіп, шетелге шығарылған.

    Түркістан облысында мемлекеттік шекара астынан арнайы қазылған тоннель арқылы Өзбекстанға бензин контрабандасын ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топтың заңсыз қызметі тоқтатылған. Аталған іс бойынша кінәлі тұлғалар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған.

    Сонымен қатар Қырғыз Республикасына АИ-92 маркалы бензинді заңсыз тасымалдаумен айналысты деп күдікке ілінген қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталған. Заңсыз шығарылған жанармай көлемі 190 мың тоннадан асып, оның құны 37 млрд теңгеден жоғары болған.

    Сондай-ақ кезекті заңсыз тасымалдау кезінде "Түрксіб" станциясында шамамен 500 тонна бензин тиелген 8 теміржол цистернасы тоқтатылған. Құны 138 млн теңге болатын тәркіленген бензин мемлекет кірісіне берілген.

    "Елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу мақсатында агенттік мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау схемаларын анықтау және жолын кесу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда", - деп мәлімдеді ведомство.

    Айта кетейік, бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов шекарадағы бақылауды күшейтіп, жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылдауды тапсырған еді.

    Құпия тоннель мен заңсыз зауыт: Қазақстаннан жанар-жағармай қалай заңсыз шығарылған

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram