Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Сенің күресің босқа кеткен жоқ": әскерде жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды

    Мұхтар Ербаян
    Мұхтар Ербаян. Фото: instagram.com/ulpan.sovetbekovna/

    Бұдан 2,5 жарым жыл бұрын әскерде жарақат алып, мүгедек болып қалған сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Бұл туралы оның адвокаты Facebook әлеуметтік желісінде жазды.

    "Екі жыл бұрын дәл осы коллажды жариялап, Ербаян Мұхтардың тағдырына қоғам назарын аударуға тырысқан едім.

    Сол кезде әскердегі қауіпсіздік мәселесін көп адам білмейтін. Бірақ біз Ербаянның басына түскен жағдай жеке бір отбасының қасіреті ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдатуға тиіс мәселе екенін айтуға тырыстық.

    Қоғам үн қатты. Мыңдаған адам Ербаян үшін алаңдап, оның өмірі үшін ата-анасымен бірге күресті. Осы екі жыл ішінде Ербаянның есімі әскердегі қауіпсіздік мәселесімен қатар аталатын болды. Ол әскери ортадағы зорлық-зомбылыққа, жауапсыздыққа және жабық жүйедегі проблемаларға қоғам назарын аудартқан символға айналды.

    Өкінішке қарай, бүгін Ербаянның жүрегі тоқтағанын білдік.

    Бұл жазба қоштасу үшін ғана емес.

    Өйткені Ербаян осы екі жыл ішінде өзінің өмірі үшін күресе отырып, мыңдаған сарбаздың тағдырына әсер етті. Оның оқиғасы арқылы әскердегі көптеген мәселе ашық айтыла бастады. Бұрын үнсіз қалған ата-аналар сөйледі. Қоғам талап қоя бастады. Мемлекеттік органдар жауап беруге мәжбүр болды.

    Кейде бір адамның тағдыры тұтас бір жүйені өзгертуге түрткі болады. Ербаян сондай азаматтардың бірі болды.

    Сондықтан Ербаянды біз тек ауыр тағдырдың иесі ретінде емес, әскердегі қауіпсіздік үшін күрестің символы ретінде есте сақтаймыз.

    Қош бол, батыр Ербаян.

    Сенің күресің босқа кеткен жоқ. Сенің атың Қазақстандағы әрбір сарбаздың өмірі мен қауіпсіздігі туралы сөз болғанда міндетті түрде еске алынатын болады", - деп жазды Инга Иманбай.

    Еске салсақ, 2024 жылдың тамыз айында әлеуметтік желіде қазақстандық әскери борышын өтеуге кеткен ұлының мүгедек болып оралғанын айтқан.

    "Ербаян өз еркімен әскерге кетті. Ол отан алдындағы борышын өтегісі келді. Бірнеше айдан кейін ол ауыр халде ауруханаға түсті (...) Бұл оқыс жағдай болған деп бізді сендірмек", - делінген жазбада.

    Сол уақытта Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов әкерден мүгедек болып оралған Ербаян Мұхтардың жағдайына қатысты пікір білдірген. Ол Ербаян Мұхтар әскери қызмет атқару кезінде түнгі сағат 2-де ұйқысынан тұрып, дәретханаға барғанда құлап, жарақат алғанын мәлімдеген.

    "Қазіргі жағдайы сол жарақаттан емес. Сарбаз емделу кезінде жұқпалы ауру жұқтырып алған. Біздің қолымыздан, әскери бөлім басшылығынан дәрігерлік көмек көрсетіліп жіберілген. Өкінішке қарай, емделу кезінде ол өкпенің қабынуы, іріңді гайморит жанама ауруына ұшыраған. Осыған байланысты дәрігерлердің кеңесуі арқылы мәжбүрлі түрде жасалған, ота барысында осындай жағдайға душар болып отыр", - деген болатын Қайрат Үмбетов.

    "Сенің күресің босқа кеткен жоқ": әскерде жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтар қайтыс болды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram