Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    Аты аңызға айналған Апорт жаңғырады: келесі жылы жаңа бақтардың аумағы 110 гектарды қамтитын болады

    Апорт алмасы
    Апорт алмасы. Көрнекі фото: pixabay.com

    Ауыл шаруашылығы министрлігі әйгілі қазақстандық Апорт алма бақтарын қайта жаңғырту жөніндегі жұмыстарды атқаруда. Апортты қайта жаңғыртуға қазақстандық ғалымдардың көпжылдық іргелі зерттеулері негіз болған, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Ведомство мәліметінше, жоспарға сәйкес, 2027 жылға дейін осы бірегей сұрыптың жаңа екпелерінің аумағы тағы 100 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 110 гектарға жетпек.

    Министрлік өкілдері 2006-2011 жылдар аралығында Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантині ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, Сиверс алмасы мен Апорт сұрпын зерттеу бойынша экспедициялық жұмыстар жүргізгенін жеткізді.

    "Зерттеу нәтижесінде Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің аумағындағы жабайы алма ағаштарының популяцияларынан 30 түрлі үлгі жиналды.

    Іріктеліп алынған Апорт клондарынан зертханалық (in vitro) жағдайда вирустық аурулардан таза көшеттер алынды.

    Молекулалық талдау негізінде ғалымдар ДНҚ-профильдері сәйкес келетін 11 сұрып-телітуші комбинациясын анықтап, көшеттер өсірді.

    Осы көшеттерден 2015 жылы Помологиялық бақта 5 гектар аумақта тәжірибелік бақ отырғызылды. Бұл бақ 2022 жылы алғашқы өнімін берді. Аталған кезеңдегі маңызды жетістіктердің бірі – ДНҚ талдауы арқылы Сиверс алмасының бактериялық күйік пен қотыр ауруына табиғи төзімділік гендері бар ерекше формаларын анықтау болды", - деп жазылған министрлік сайтында.

    2025 жылы Институттың Талғар өңірлік филиалында 10 гектар аумақта жаңа бақ отырғызылған. Қазіргі уақытта мамандар алдағы 100 гектар жерге алма ағаштарын отырғызуға қажетті сапалы көшет материалдарын дайындап жатыр.

    Аты аңызға айналған Апорт жаңғырады: келесі жылы жаңа бақтардың аумағы 110 гектарды қамтитын болады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram