Алакөлдегі қауіпсіздік: Жетісуда құтқарушылар моторлы қайықпен тәулік бойы кезекшілік етіп, дрондар мен арнайы көліктерді пайдалануда
Жарияланған күні:
Алакөл көлінде демалушылардың қауіпсіздігіне соңғы жылдарда ерекше назар аударылуда. Осы мақсатта жағалау аумағындағы тәулік бойы кезекшілікке 14 құтқарушы, 11 моторлы қайық тартылған. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін биылғы маусымда 50 полиция қызметкері жұмылдырылып, олардың қызметіне 16 автокөлік пен 5 дрон пайдаланылуда. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың көл жағалауының шомылу маусымына дайындығын көруге Алакөл ауданына барған сапарында айтылды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Сол сияқты демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағалау бойында 40 құтқару мұнарасы орнатылып, 13 шақырым буйк желісі тартылды. Сонымен қатар 39 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп, 7 пирс пайдалануға берілген.
Алакөл ауданына барған сапарында өңір басшысы Ақши ауылындағы жағалауда орналасқан жедел құтқару жасағының бөлімшесінде болып, ондағы Жедел басқару орталығы жүйесінің жұмысымен танысты. Арнайы мамандар жағалаудағы бейнекамералар мен орталық жүйенің өзара байланысы туралы баяндап берді. Осы орайда Бейбіт Исабаев қоқыс шашқан, рұқсат етілмеген орынға көлік қойған, басқа да тәртіп бұзған азаматтардың бейнежазбалар арқылы анықталып, заң аясында жауапқа тартылатынын демалушылар арасында кеңінен түсіндіру керектігін тапсырды.
"Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, тәртіптің сақталуына тиісті жағдайлар жасадық, енді бұл тиімділігін іс жүзінде көрсетуге тиіс. Бақылау жүйесінің қалай жұмыс істейтінін, анықталған заңбұзушылықтар бойынша қандай шаралар қолданылатынын халық арасында түсіндіріңіздер. Демалушылар тәртіп сақтаудың, санитарлық тазалықтың, өмір қауіпсіздігінің аса маңызды екенін ұғынуы керек", - деді Б. Исабаев.
Еске салсақ, өткен жылы Жетісу облысында ортақ су пайдалану және су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері бекітілген болатын.
Ақши аумағында бірнеше жылдан бері құтқару қызметінде жүрген Еламан Ахметқалиев өз ойын білдірді.
"МенАқши ауылының тұрғынымын. Құтқару қызметінде жүргеніме 6 жыл болды. Жұмысым өзіме ұнайды, құтқарушы аса маңызды мамандық деп есптеймін. Біз екі ауысыммен кезекшілік етеміз, осылайша патрульдеу жұмысы үздік жүргізіледі", - деді ол.
Атап өтсек, сонымен қатар туристерге сапалы және жедел медициналық көмек көрсету үшін Ақши ауылында 4 дәрігер, 2 орта буын медицина қызметкері қызмет атқарады. Сонымен қатар жедел жәрдем көлігі мен санитарлық автокөлік тәулік бойы кезекшілік етеді. Ал Көктұма ауылында 6 медицина қызметкері жұмыс істейді. Демалушыларға қажетті медициналық көмек көрсету үшін санитарлық автокөлік қызмет көрсетуде.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз