Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    ҚТЖ басшысы өзінің және әйелінің атына тіркелген компаниялар туралы сұраққа жауап берді

    "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ
    "Қазақстан темір жолы" ҰК АҚ. Фото: ҚТЖ баспасөз қызметі

    Үкімет үйінде өткен брифингте журналистер ҚТЖ басшысына оның өзіне және отбасы мүшелеріне қатысы бар бірнеше компания туралы сұрақ қойды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

    Брифингте ҚТЖ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов журналистердің өзіне және оның отбасы мүшелеріне қатысы бар компаниялар туралы сұрақтарға жауап берді.

    Бұл мәселенің көтерілуіне ұлттық тасымалдаушы басшысының "АСТАНАТРАНСЭКСПРЕСС" ЖШС негізін қалаушы болуы және оның әйелі бірнеше табысты логистикалық компанияға иелік ететіні туралы ақпарат себеп болған. Сонымен қатар журналистер оның ұлы мен ағасының теміржол саласында жұмыс істейтінін айтты.

    Алдыбергенов аталған компанияның негізін қалаушы екенін растады.

    "Расында да мен осы компанияның ("АСТАНАТРАНСЭКСПРЕСС" ЖШС – автордың ескертпесі) негізін қалаушымын. Бұл компания мемлекеттік қызметшілер туралы заңға сәйкес басқаруға берілді", - деді ол.

    Оның айтуынша, компанияның ҚТЖ-мен де, мемлекеттік органдармен де байланысы жоқ.

    "Қазір ол ҚТЖ-мен де, мемлекетпен де жұмыс істемейді. Сондықтан мүдделер қақтығысы жоқ. Бәрі тиісті түрде рәсімделген. Мен оны басқармаймын. Кіріс және басқасының бәрін басқаратын компания бар", - деді ҚТЖ басшысы.

    Содан кейін журналистер одан әйелінің логистикалық компанияларға иелік ететінін және туыстарының теміржол саласында жұмыс істейтінін мүдделер қақтығысы деп санайтын-санамайтынын сұрады.

    Бұған Алдыбергенов ешқандай бұзушылық көріп тұрмағанын айтып жауап берді.

    "Біріншіден, мен құрған компания ҚТЖ-мен де, мемлекеттік органдармен де жұмыс істемейді. Басқа компанияларға келер болсақ, мүдделер қақтығысы жоқ. Барлығы заң аясында декларацияланған", - деп атап өтті ол.

    Сондай-ақ ол активтер мен мүлік туралы ақпарат жалпыға қолжетімді екенін еске салды.

    "Заңға сәйкес, декларация жарияланады. Қарап шығуға болады", - деді Алдыбергенов.

    ҚТЖ басшысы жақын туыстарының ұлттық компанияда жұмыс істемейтінін бөлек атап өтті.

    "Менің туыстарым ҚТЖ-да жұмыс істемейді. Балаларым да, әйелім де онда жұмыс істемейді. Сондықтан мен ешқандай мүдделер қақтығысын көріп тұрған жоқпын", - деп түйіндеді сөзін Алдыбергенов.

    ҚТЖ басшысы өзінің және әйелінің атына тіркелген компаниялар туралы сұраққа жауап берді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram