Үй аумағында көлік қою: ІІМ желіде таралған ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тұрғын үйлердің ауласында көлік құралдарын қоюға тыйым салатын нормалар енгізілетіні туралы ақпарат таралған. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Polisia.kz порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомство Жол жүрісі қағидаларына ешқандай өзгерістер енгізілмеген мәлімдеді.
"Көлік құралдарын тоқтату мен тұраққа қоюға қатысты талаптар бұрынғыдай өзгеріссіз қалады. Сонымен қатар көлік құралдарын гүлзарларға, көгалдарға, балалар және спорт алаңдарына қоюға және сонда тоқтауға тыйым салу жөніндегі Жол жүрісі қағидаларының нормалары қолданыста бар екенін еске саламыз.
Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушылардың барлығын Жол жүрісі қағидаларының талаптарын қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият әрі сақ болуға, өзара құрмет пен жауапкершілік танытуға шақырады", - деді ІІМ-нің баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
ІІМ өкілі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатынын атап өтті.
"Ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың мінез-құлқын бақылауды күшейтіп, көшеде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін үнемі ескертіп, сондай-ақ жолдың жүріс бөлігінде, денсаулық пен өмірге қауіп төндіретін өзге де орындарда ойнауға болмайтынын түсіндіру ұсынылады.
Тек бірлесіп қана біз жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын аламыз", - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2389024-ui-aulasynda-kolik-qoiuga-tyiym-salynady-iim-zhelide-taralgan-aqparatqa-qatysty-tusinikteme-berdi/