Не су, не дүкен жоқ: Баянауылда салынғанына бір ғасыр болған апатты үй тұрғындары биліктен көмек сұрайды
Жарияланған күні:
Баянауыл ауданына қарасты Шөптікөл елдімекені ешқандай инфрақұрылым жоқ. Не су, не ұялы байланыс, не медпункт, не мектеп, тіпті дүкеннің өзін таппайсың. Ауыл халқы өлместің күнін көріп отыр. Ал өткен ғасырдың 20-30 жылдары саманнан салынған үйлер шетінен мүжіліп, құлап жатыр, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Шөптікөл ауылдағы үйлердің салынғанына 1 ғасырдан асқан. Әбден тозығы жеткен баспаналар құлап жатыр. Тұрғындар астында қаламыз ба деп қорқады. Сол себепті көпшілігі үйлерін тастап, көшуге мәжбүр болған.
Бұл үйлерден көшкендердің бірі – Алмагүл Әбілешова. 3 жыл бұрын ескі үйінің төбесі опырылып ортасына түскен. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Үйсіз қалған ол баласының үйіне көшіп барыпты. Өйткені, паналайтын басқа баспанасы жоқ.
"Жаңбыр жауған кезде ағашы шіріп кетіпті. Сол шіріп құлады ар жағынан. Ол жағы от жағатын жағым. Содан отымды жаға алмай қалдым. Осы үйдің салынғанына 100 жылдан асып кетті. Тұруға уже не возможно. Төбеден ағады. Төбелері жоқ, крышалары. Жаңбыр нетсе, ағып кетеді бүкіл жақтан", - дейді Шөптікөл ауылының тұрғыны Алмагүл Әбілешова.
Бұл Шөптікөлдегі бір ғана отбасының мәселесі емес. Түгел ауылға ортақ түйткіл. Елді мекендегі барлық баспана әбден ескірген. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары саманнан салыныпты. Бұл үйлердің шатыры да жоқ.
"Ескі үйлер, қорқасың. Қазір бірдеңе қозғалып кетсе, төбе құлай ма деп. Бір жақ шеті құлап жатқаны көрініп тұр. Оның өзін бертін істегенбіз ғой. Арасына су кіріп кетіп, қар кіріп кетіп, қар еріп осылай төбелелер бәрі құлап жатыр. Қорқасың балалар ана төбенің астына қалып қояма деп", - дейді тұрғындардың бірі Асқар Шайкин.
Ауыл өркениет атаулыдан жұрдай. Ауырып жедел жәрдем шақыруға ұялы байланыс желісі жоқ. Сол себепті тұрғындар науқас адамдарды өз көлігімен Майқайың кентіне тасиды. Ал басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындарға ем шара жасайтын ауылда дәрігер де жоқ.
"Медпункт числитья. Ода кісі болу керек. Ауылда кәрі кісілер бар. Диалезге барады, укол алады, давление бар. Соны аралап жүретін бір адам керек ғой. 21-ғасырда ауылда медик жоқ. Скорый шақырсаң, бұл бізде баланста жоқ. Бензинді өздерің құйыңдар, например. Қалай жетсең, олай жет. Солай. Скорый келмейді мұнда", - дейді тұрғын Айтбай Төлепбергенов.
Ауылда ауыз су да жоқ. Тіршілік нәрі болмаған соң, халық үдере көшкен. Қазір бар жоғы 20-дай үй қалыпты. Айналасы толған көмір кеніші. Одан шыққан улы түтінге ауыл халқы тұншығып отыр. Тұрғындар Шөптікөл ауылының болашағы жоғын айтып, елді мекенді көшіруді талап етті.
Баянауыл ауданының әкімдігі қордаланған мәселелерге қатысты мардымды жауап бермеді. Апатты үйлер бойынша ресми өтініш түспеді деп ақталды. Ал ауылда дәрігердің жоқтығын халық санының аздығына байланысты деп түсіндірді.
"Шөптікөл ауылында маман тапшылығына байланысты медициналық пункт жоқ. Ауылда 45 адам ресми медициналық тіркеуде тұр. Ауыл тұрғындарына Майкөбе ауылынан мамандар келіп қызмет көрсетеді. Майкөбе ауылында жедел жәрдем көлігі бар, шақырту түссе, қажетті медициналық жәрдем жасалады. Бұдан бөлек айына 1-2 рет Майқайың кентінің учаскелік дәрігері арнайы барып, тұрғындарды қабылдайды", - деді Баянауыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдік Шөптікөл ауылын көшіру жоспары жоғын айтады. Ауылдың инфрақұрылымдық жағдайын жақсартуға көңіл бөлеміз деп сендірді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2387934-ne-su-ne-duken-zhoq-baianauylda-salynganyna-bir-gasyr-bolgan-apatty-ui-turgyndary-bilikten-komek-suraidy/