Неге Перизат Қайраттан тәркіленген көліктер мемлекеттік органдарға тегін берілді
Жарияланған күні:
Перизат Қайраттан тәркіленген автокөліктер құқық қорғау органдарына берілді. Мемлекеттік қызметшілер мұндай көліктерді қандай шарттармен алатынын және бұл не үшін жасалатынын Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
ОКҚ-да өткен брифингте Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы мемлекеттік органдар люкс активтерді тегін алатынын, бірақ бұл тек бір жағдайда – егер көліктер сауда-саттықта сатылмаса жүзеге асырылатынын айтты.
"Бұл шара бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында қарастырылған. Жаңа автокөліктер сатып алғанша, оларды тәркіленген мүлік есебінен алған тиімді. Нормативтік құқықтық актілерде құқық қорғау және мемлекеттік органдардың мұндай құқығы бекітілген. Сондықтан бұл құқықты неге пайдаланбасқа", - деді Нұрмахан Әділбеков.
Айта кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайраттан тәркіленген мүлік аукционға шығарылатынын мәлім етті.
Перизат Қайрат ісі
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 14 қарашада "Biz birgemiz Qazaqstan 2030" қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Қаржылық мониторинг агенттігі ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.
Сол кезде ҚМА өкілдері қайырымдылық үшін жіберілген қаражаттың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғанын хабарлаған еді.
2024 жылы 14 қарашада Перизат Қайрат ұсталып, екі айға қамауға алынды. 2025 жылы наурызда Перизат Қайрат басқарған "Biz birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігі мәжбүрлі түрде таратылатыны хабарланды.
Сонымен қатар Перизат Қайрат пара үстел теннисі федерациясының басшысы қызметінен босатылғаны белгілі болды. Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері қайырымдылық қордың тең құрылтайшысы және басшысы Перизат Қайраттың жылжымайтын мүлкі бұғатталып, қымбат заттары тәркіленгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Астанада Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты іс бойынша сот процесі 9 шілдеде басталды. Сот процесі ішінара жабық өтті. Прокуратура өкілдері хабарлағандай, Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаева Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарынан мүгедек балаларға, сондай-ақ Қазақстанда су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккен адамдарға қайырымдылық көрсету желеуімен жиналған 3 миллиардтан астам теңгені жымқырды деп айыпталды.
Перизат Қайрат та, анасы да тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген еді. Прокурор сот жарыссөзінде Перизат Қайратты 10 жылға, анасын 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот үкімімен Қайрат пен Алашбаева 10 жыл мерзімге қайырымдылық қаражаттарын жинаумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды (заңда көзделген ең ұзақ мерзім).
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2387652-nege-perizat-qairattan-tarkilengen-kolikter-memlekettik-organdarga-tegin-berildi/