14 ЖКО тіркеліп,16 адам жарақат алған: Астанада электросамокат пайдаланушыларына бақылау күшейтілді
Жарияланған күні:
Астана полициясы электросамокат пайдаланушыларына қатысты бақылауды күшейтті, деп хабарлайды қалалық полицияға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, жаз мезгілі басталғалы елорда көшелерінде электросамокат пайдаланушылардың саны айтарлықтай артқан. Алайда олардың көпшілігі жол қозғалысы ережелерінің талаптарын елемей, өздерінің және айналасындағылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр.
Жыл басынан бері 14 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 16 адам түрлі дене жарақатын алған. Полиция қызметкерлері 1200-ден астам бұзушылықты анықтаған.
"Мәселен, анықталған жағдайлардың бірінде екі жасөспірім бір электросамокатпен қарқынды көлік қозғалысы бар жол бөлігінде жүріп, бірден жол қозғалысы ережелерінің бірнеше талабын бұзған.
Аталған дерек бойынша 16 жастағы жасөспірімге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларын тәрбиелеу және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауаптылыққа тартылды", - делінген хабарламада.
Полиция азаматтарға бір самокатпен екі адамның жүруіне, қозғалыс кезінде ұялы телефон мен құлаққап пайдалануға, белгіленген жылдамдықты асыруға және қауіпті маневрлер жасауға тыйым салынатынын еске салады. Жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды кесіп өткен кезде пайдаланушы самокаттан түсіп, оны жаяу алып өтуге міндетті.
"Электросамокатпен жүруге велосипед жолақтарында және веложолдарда рұқсат етіледі, ал олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен қозғалу қажет. Бұл ретте жүргізуші 18 жастан асқан болуы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы, мотошлемді тағуы және қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерді пайдалануы тиіс. Сонымен қатар электросамокат операторларына көлік құралдарын есепке алып, тіркеу нөмірлерін беру және орналастыру міндеті жүктелген", - деп қосты полиция өкілдері.
Сондай-ақ полицейлер жалға берілетін самокат пайдаланушылары оларды жиі белгіленбеген орындарға қалдырып кететінін айтты.
Тәртіп сақшылары тротуарларда, аялдамаларда және жаяу жүргіншілер өткелдерінде қалдырылған жеке мобильді көлік құралдары азаматтардың қозғалысына кедергі келтіретінін, мұндай самокаттар коммуналдық тұраққа қойылатынын ескертті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2387610-14-zhko-tirkelip-16-adam-zharaqat-algan-astanada-elektrosamokat-paidalanushylaryna-baqylau-kusheitildi/