Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    Жетісу облысында ауыр дертке шалдыққан баланы жәрдемақыдан заңсыз айырған

    қағаз ақша және тиындар
    Теңге. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

    Жетісу облысында ауыр дертпен ауыратын және бірнеше күрделі отадан өткен баланы мүгедектігі бойынша төленетін жәрдемақыдан заңсыз айырған, деп хабарлайды Жетісу облыстық сотына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жергілікті тұрғынның "Жетісу облысы бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті" РММ-не қарсы медициналық-әлеуметтік сараптаманың ұлының мүгедектігін алып тастау туралы шешімін заңсыз деп тану және мемлекеттік органды жәрдемақы төлемдерін қайта есептеп, қалпына келтіруге міндеттеу туралы әкімшілік ісін қарады.

    Іс материалдарына сәйкес, талапкердің ұлы туғанынан бері ішектің ауыр туа біткен ауруымен ауырады және бірнеше күрделі отадан өткен. 2018 жылы балаға мүгедектік белгіленіп, кейін оның мерзімі 2021 жылдың сәуір айына дейін ұзартылған.

    Алайда 2021 жылғы 14 мамырда кезекті қайта куәландырудан соң №7 МӘС бөлімі балаға мүгедектік белгілемеу туралы шешім қабылдаған. Соның салдарынан мемлекеттік жәрдемақы төлемдері тоқтатылған.

    Талапкер баланың денсаулығы жақсармағанын, әлі де денсаулығында ақау барын, үздіксіз күтім мен әлеуметтік қолдауды қажет ететінін алға тартты. 2024 жылы балаға қайтадан мүгедектік белгіленген, бұл отбасының пікірінше, 2021 жылғы МӘС шешімінің негізсіз болғанын растаған.

    "Сот №7 МӘС бөлімінің 2021 жылғы 14 мамырдағы қорытындысын заңсыз деп танып, "Жетісу облысы бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаменті" РММ-не 2021 жылғы 14 мамыр мен 2024 жылғы 17 шілде аралығындағы кезең үшін мүгедектігі бар балаға арналған жәрдемақы төлемдерін қайта есептеп, қалпына келтіруді міндеттеді.

    Сот шешімі заңды күшіне енді", - делінген хабарламада.

    Жетісу облысында ауыр дертке шалдыққан баланы жәрдемақыдан заңсыз айырған

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram