Ұлытау облысында "Арқа аруы – 2026" республикалық байқауы өтті
Жарияланған күні:
Жаңаарқа аудандық мәдени-сауық орталығында Ақмарал Әлтаева атындағы республикалық "Арқа аруы – 2026" сұлулық байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай өткен байқаудың мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қазақ қыздарының өнері мен білімін, мәдениеті мен сұлулығын насихаттау.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген арулар қатысып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін, сахна мәдениетін және ұлттық өнерге деген құрметін көрсетті.
Шараға Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев, Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев, аудандық мәслихат төрағасы Юржан Бекқожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Аманжол Әлтай мен Қазыбек Әлішев қатысты.
Сонымен қатар байқаудың құрметті қонақтары мен қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат Айтбаев пен Света Айтбаева, тележүргізуші әрі кәсіпкер Динара Сәтжан, ақын Қалқаман Сарин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Сержан Мұсайын, кәсіпкер Меруерт Ыбышева болды.
Шараға Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосынов, Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешева, айтыскер ақындар Жұлдыз Қожабекова мен Өміржан Көпбосынов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов, кәсіпкерлер әрі меценаттар Мейрам Айдаболов пен Алмаз Жақаев, сондай-ақ Амандос Мұқанов, Айгүл Мұқанова, "Айгүл" зергерлік салонының иесі Айгүл Мұқанова, Қалқаш Ержанов және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Байқаудың жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдіріп, жеңімпаздар мен қатысушыларды марапаттау қорын қалыптастыруға үлес қосқан азаматтарға ұйымдастырушылар ерекше алғыс білдірді.
Шараның ерекше әрі тағылымды сәттерінің бірі – қазақ кино өнерінің аңызына айналған, "Қыз Жібек" фильміндегі Жібек бейнесі арқылы халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Қазақстанның Халық әртісі Меруерт Өтекешованы Жаңаарқа жұртшылығының айрықша құрметпен қарсы алуы болды. Ұлттық дәстүрге сай ұйымдастырылған құрмет рәсімінде ардақты өнер иесіне ақ боз ат мінгізіліп, қазақ халқының ықыласы мен сый-құрметі көрсетілді. Бұл көрініс көпшіліктің ерекше ықыласына бөленіп, байқаудың мазмұнын тереңдете түскен әсерлі сәттердің біріне айналды.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Астана қаласының аруы Толғанай Наурызбай, І орынды Қызылорда облысының өкілі Бағдат Бақыт, ІІ орынды Атырау облысының қатысушысы Индира Мұқтар, ал ІІІ орынды Ұлытау облысының аруы Рахиля Кужина иеленді.
Ұлттық рухты ұлықтап, қазақ қызының парасаты мен көркем болмысын дәріптеген тағылымды шара көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, еліміздің мәдени өміріндегі маңызды жобалардың біріне айналды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2382612-ulytau-oblysynda-arqa-aruy-2026-respublikalyq-baiqauy-otti/