Ғалымдар Жер тарихындағы ең ірі экологиялық өзгерістің жаһандық сипатына күмән келтірді

    Пайдалы қазбалар
    Пайдалы қазбалар. Көрнекі сурет: pixabay.com

    ScienceDaily басылымының жазуынша, Онега бассейнінен алынған ежелгі газдарға жасалған талдау 2 миллиард жыл бұрынғы көміртегі цикліндегі өзгерістердің жергілікті сипатта болды деген болжам жасауға себеп болып отыр, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ.

    Шамамен 2,5–2 миллиард жыл бұрын Жер атмосферасында оттегінің ауқымды жинақталуы болып, ол күрделі ағзалардың эволюциясына жол ашты. Осы кезеңде теңіз шөгінділерінде Шунг-Франсвилль оқиғасы деп аталатын көміртегі циклінің ауытқуы тіркелген. Онжылдықтар бойы ғалымдар бұл изотоптық қолтаңбаны жаһандық экологиялық апаттың дәлелі деп санап келді. Алайда Калифорния технологиялық институты (Caltech) мен Норвегия геологиялық қызметінің (NGU) Ниведита Тиагараджан жетекшілік еткен ғалымдар тобының жаңа зерттеуі бұл жаһандық теорияға күмән келтіруге себеп болып отыр. Зерттеу нәтижелері Geology журналында жарияланды.

    Зерттеушілер планетадағы ең ежелгі мұнай кен орындарының бірі — Карелиядағы Заонеж свитасының керн үлгілерінде қамалған микроскопиялық газ көпіршіктерін зерттеді. Көміртегінің изотоптық ауытқуы ауданы бірнеше жүздеген шаршы шақырымды құрайтын шөгінді бассейндегі жергілікті процестерге байланысты туындағаны анықталды. Авторлардың мәліметінше, магмалық интрузия ежелгі шөгінділерді шамамен 350 градус Цельсий температураға дейін қыздырып, метан мен пропанның түзілуіне әкелген. Мұхит түбіне көтерілген бұл газдар микробтар үшін қорек болған, ал олардың тіршілік әрекеті жеңіл изотоптық із қалдырған.

    Зерттеудің тең авторы, NGU өкілі Айво Лепланд карелиялық жыныстардың жаһандық катаклизм теориясы үшін негізгі эталондық нысан болғанын атап өтті. Жақын арада халықаралық ғалымдар тобы басқа құрлықтарда да осындай жергілікті магмалық әсердің болған-болмағанын тексеру үшін Габондағы Франсвилль бассейнінен алынған керндерге ұқсас талдау жүргізуді жоспарлап отыр.

    Ғалымдар Жер тарихындағы ең ірі экологиялық өзгерістің жаһандық сипатына күмән келтірді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram