Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    "Егіздің сыңары": 13 жастағы атыраулық Сұлтан Маратұлы тігін өнерімен көпшілікті тамсандырды

    Сұлтан
    Сұлтан. Кадр: "КТК" арнасы

    Атырауда 13 жастағы Сұлтан Маратұлының қолынан шыққан киімдер көпті тамсандырды. Небәрі он жасында ине-жіпке қызыққан бала бүгінде өзіне де, жақындарына да сәнді киімдер тігіп жүр. Болашақта сән әлеміне қадам басуды армандайды. Талапты жастың талантымен "КТК" тілшісі танысып қайтты.

    Атыраулық 13 жастағы Сұлтан Маратұлы тігін тігуді он жасынан бастаған екен. Егіздің сыңары. Бүгінде бауыры екеуіне киім тігіп жатыр.

    Ине-жіпті ойыншық емес, өнер құралы деп қабылдаған Сұлтанның тігінге деген қызығушылығы он жасында оянған. Әуелі қолына ине ұстап, қарындасына белдемше тігуден бастаған.

    Немересінің ынтасын байқаған атасы оған кішкентай тігін машинасын сыйлапты. Ал ата-анасы баланың қызығушылығын одан әрі дамыту үшін арнайы курстарға жаздырған. Қазір оның үй ішінде өз тігін шеберханасы бар.

    "Киімнің суретіне қарап, эскиздерге қарап, қызықтым. Бірінші, қолдан, қарындасыма корсет тіге бастадым. Қолдан тіге бастадым. Одан кейін атам маған кішкентай тігін машинкасын алып берді. Эскиздерге қарап, әр түрлі киім тіккен ұнайды. Ол — фэшн киімдер. Солардың тіккен киімдері ұнайды", - дейді жас тігінші Сұлтан Маратұлы.

    Жас шебер сәндік киім тіккенді ұнатқанымен, анасы әзірге ұлының тапсырыс алуына асықпайтынын айтады. Өйткені тігін — үлкен жауапкершілікті қажет ететін өнер. Оның үстіне Сұлтанның курсқа қатысып жүргеніне небәрі жеті ай болған. Дегенмен жас тігіншінің қолынан шыққан дүниенің ішінде анасына арналған бірнеше көйлек пен костюм де бар. Үстіндегі көйлекті де ұлым тігіп берді, дейді ол.

    "Құрақты хобби ретінде, ал киімді махаббатпен тіккім келеді дейді. Киім тігуге мен жүрексінем. себебі ол әлі кішкентай, енді оқып жатыр. Негізі айналамда тапсырыс бергісі келетін адам көп. "Үйде матамыз бар" дейтіндер. Бірақ өзім қорқақтап тұрмын. Оңай шаруа емес, біреудің матасын бүлдіріп алса деп, курсқа, тек жеті ай болды ғой, барып жүргеніне, кішкене білімін арттырсын деп отырмын", - дейді Сұлтанның анасы Жанар Темірғали.

    Ең қызығы, дизайнер бала мата мен қажетті фурнитураны да өзі таңдап жүріп алады. Ал анасы ұлының шеберханасына жақындамайтынын айтады. Себебі өзі тігін тігуді білмейді. Сондықтан баласының өнеріне сырттай сүйсініп, қолынан келгенше қолдау көрсетіп келеді.

    Дереккөз: "КТК" арнасы

    "Егіздің сыңары": 13 жастағы атыраулық Сұлтан Маратұлы тігін өнерімен көпшілікті тамсандырды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram