Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    "Ақтық демі таусылғанша": Ақтөбеде қызметтік иттер биыл 23 қылмыстың бетін ашқан

    Қызметтік ит
    Қызметтік ит. Нейрожелі арқылы жасалған көрнекі сурет: NUR.KZ / Жұлдыз Кенжеғалиева

    Ақтөбеде қызметтік иттердің көмегімен жыл басынан бері 23 қылмыс ашылды. Қазір осы өңірдегі кинология қызметі орталығында 30-дан астам иісшіл ит пен 15 кинолог жұмыс істейді, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

    "Қызметтік иттер сегіз жасқа дейін қызмет атқарады. 6 айдан бір жасқа дейін үйретіледі. Алматы қаласында үлкен кинология орталығы бар, сол жақта қызметтік иттермен бірге кинолог маман екі айлық арнайы курс оқып келеді, сосын қалаға келіп қызметін атқарады", - дейді Ақтөбе облысы кинология қызметі орталығының аға инспекторы Ғабит Жүсіпов.

    Иіспен із кесетін иттердің әрқайсысы арнайы бағыт бойынша дайындалады. Бірі — есірткі іздейді, бірі жоғалған адамды табуға машықтанса, енді бірі қылмыс орнында қалған иіс арқылы күдіктінің соңына түседі. Неміс және бельгиялық овчаркалар, лабрадорлар мен спаниельдер күн сайын жаттығудан өтеді.

    Орталықтың мақтанышы – Барон. Есірткі іздеуге маманданған неміс овчаркасы өткен жылы республикалық жарыста бірінші орын алған. Жыл басынан бері облыста 1600-ден астам қылмыс ашылды. Соның ішінде жақында жоғалған баланы іздеу кезінде де төрт аяқты сақшының көмегі тиген. Аулада ойнап жүрген баланы бірнеше сағат таба алмаған ата-ана полицияға хабарласады. Баланың киімін итке иіскеткеннен кейін қызметтік ит оның көрші үйде жүргенін анықтаған.

    Төрт аяқты сақшылардың күтімі де ерекше. Күн сайын ветеринар тексеріп, дәруменге бай азық беріледі. Өйткені қызмет барысында иттердің зейіні мен иіс сезу қабілеті жоғары болуға тиіс. Бұл иттер қартайғанда, көбіне қызметте серігі болған сақшылар үйіне алып кетеді екен.

    "Сегіз жыл бірге жұмыс істеген соң оны ешкім қимайды. Сол себепті көбі үйіне алып кетеді. Ары қарай өз үйінде бапталады. Үйге ала алмайтын жағдай болса, қызметтік иттер ақтық демі таусылғанша, осы кинология орталығында болады", - дейді Ақтөбе облысы кинология қызметі орталығының аға инспекторы Ғабит Жүсіпов.

    Дереккөз: "КТК" арнасы

    "Ақтық демі таусылғанша": Ақтөбеде қызметтік иттер биыл 23 қылмыстың бетін ашқан

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram